Дінтану сараптамасы: міндеттер мен мәселелер

Дінтану сараптамасын жүргізу тәжірибесі Қазақстанда 2007 жылдан басталды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дінтану сараптамасын жүргізу ережесін бекіту туралы» 2007 жылғы 30 қаңтардағы №70 қаулысы осы бағытта қабылданған алғашқы құжат болатын. Аталған қаулыға сәйкес бұрын Әділет министрлігінің, бертінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағында қызмет атқарған Дін істері комитеті дінтану сараптамасын жүргізіп келді.

2011 жылдың мамыр айында ҚР Дін істері агенттігі дербес мемлекеттік орган ретінде құрылғаннан кейін дінтану сараптамасын жүргізу құзіреті Агенттікке берілді. Бұл құзіреттілік Қазақстан Республикасының 2011 жылдың 11 қазанындағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңымен бекітілді.

Дінтану сараптамасының заң деңгейіндегі нормативтік құжатта белгіленуін оның қоғам өміріндегі маңызының артып отырғанымен байланыстыруға болады. Қазіргі діни ахуал жағдайында дінтану сараптамасын республикалық деңгейде жүргізудің маңызы зор. Баршаға белгілі, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның конфессиялық кеңістік құрылымы айтарлықтай өзгерді.

Жаңа діни ахуалдың қалыптасу жағдайында діни бірлестіктер саны күрт ұлғайды. Ел аумағында шетелдік миссионерлердің іс-әрекеті қарқын ала түсті. Діни сенім бостандығын өз мүдделеріне пайдаланып, үгіт-насихатын күшейтіп отырған теріс пиғылды діни ағымдар да аз емес. Радикалды ағымдар идеологиясын насихаттайтын жат мазмұндағы әдебиеттер елімізде тарала бастады.

Осының барлығы дін туралы заңнаманың жаңа заман талабына орай жетілдірілуін, күшейтілуін талап еткендіктен, Агенттік тарапынан дайындалған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданып, қолданысқа енгізілді. Мезгілі жеткен мәселе ретінде дінтану сараптамасы да аталған заңда жеке бап ретінде қамтылды. Осы заңның негізінде «Дінтану сараптамасын жүргізу қағидалары» атты заңнамалық акті дайындалып, 2012 жылғы 7 ақпанда Үкімет тарапынан бекітілді. Ендігі кезекте дінтану сараптамасы аталған қағидаға сәйкес жүргізілетін болады.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының негізінде осы қағидада сараптаманы жүргізу негіздері айқындап көрсетілді. Бұған дейін дінтану сараптамасын жүргізуге тек мүдделі мемлекеттік органдар арқылы сол органдардың өздері және тіркеу барысында діни бірлестіктер ғана сұраныс бере алатын болса, енді жаңа заң талабына сәйкес олармен қатар жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік мекемелер де өздері ұсынған материалдарға дінтану сараптамасын жүргізу жөнінде өтініш бере алады.

Ал жеке тұлғаларды миссионер ретінде тіркеу және діни бірлестіктерді тіркеу (қайта тіркеу) барысында олардың құрылтай және басқа да құжаттары мен пайдаланатын әдебиеттері міндетті түрде дінтану сараптамасынан өтуге тиіс. Сараптама қорытындысы теріс болған жағдайда оларды тіркеуден бас тартылады.

Сондай-ақ жеке өзі тұтыну үшін емес, басқа мақсаттар (сату, тарату) үшін Қазақстан Республикасы аумағына әкелінетін кез келген діни мазмұндағы әдебиеттер мен діни мақсаттағы заттар да алдымен дінтану сараптамасына ұсынылуы қажет. Сараптаманың оң қорытындысын алмаған жағдайда оларды тарату заңсыз болып есептеледі. Кітапхана қорларына түскен діни әдебиеттер де осы негізде сараптамаға жолдануы тиіс.

Осы орайда «діни әдебиеттер» деген ұғымға анықтама беру жөн секілді. Нақты терминдік тұрғыдан келсек, «діни әдебиет» дегеніміз теологиялық, діни-канондық, ғұрыптық-мистикалық, әлеуметтік-теологиялық бағыттағы діни мазмұнды қамтитын еңбектер. Олар әдетте тұрғындардың діни немесе дінмен байланысты әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін шығарылады. Әлемдік және дәстүрлі діндердің, жаңа діни ағымдар мен қозғалыстардың қасиетті кітаптарының діни мәтіндері де аталған ұғымның аясында қамтылады. Осы бағыттағы еңбектердің барлығы дінтану сараптамасын жүргізуді қажет етеді.

Дінтану сараптамасы құқықтық қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының 2011 жылдың 11 қазанындағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы негізінде 2012 жылы Агенттік тарапынан төмендегідей нормативтік құқықтық актілер әзірленіп, қабылданды:

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 ақпандағы № 209 «Дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» қаулысы;
Агенттік Төрағасының 22.08.2012ж. № 86 «Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің аумақтық органдары жанындағы Сараптамалық топтардың ережесін және Сараптамалық топтардың құрамын бекіту туралы» бұйрығы;
Агенттік Төрағасының 4.10.2012ж. № 103 «Дінтану сараптамасы қорытындыларының үлгілерін бекіту туралы» бұйрығы;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылдың 15 қазанындағы № 1311 «Діни қызмет саласында мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын бекіту туралы» қаулысы;
Агенттік Төрағасының 30.10.2012ж. № 112 «Дінтану сараптамасын жүргізетін сарапшыларды іріктеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бұйрығы (Әділет министрлігінде 24.11.2012ж. тіркелген, мемлекеттік тіркеу № 8116).
Агенттік Төрағасының 07.12.2012ж. № 124 «Дінтану сараптамасын жүргізу» мемлекеттік қызметінің регламентін бекіту туралы» бұйрығы.
Дінтану сараптамасы «Діни қызмет саласында мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары» негізінде мемлекеттік қызмет санатына енгізілді.

2013 жылдың І жартыжылдығына дейін дінтану сараптамасы Агенттіктің ұйымдастыруымен үш деңгейде жүргізіліп келді:

«Дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларына» сәйкес Агенттіктің аумақтық департаменттері жанынан кеңесші құрылым болып табылатын Сараптамалық топтар құрылған. Жергілікті деңгейдегі сұраныстарға орай дінтану сараптамасын аталған Сараптамалық топтар мүшелері жүргізді. Аталмыш құрылымдарда 18 ғылым докторы, 23 ғылым кандидаты, 7 ғылым магистрі жұмыс істейді. Сараптамалық топтардың құрамы 114 маманнан тұрады, аталған топтарға кеңесші ретінде діни бірлестіктердің 32 өкілі тартылған. Агенттік дінтану сараптамасын жүргізу барысында қажет жағдайда кеңесші ретінде тартатын діни бірлестіктердің өкілдері дін саласының білікті маманы ретінде теологиялық мәселелерге анықтама беру үшін шақырылады. Өйткені діни мазмұндағы әдебиеттерде таласты теологиялық мәселелер жиі қозғалады. Мемлекеттік орган ретінде діннің ішкі мәселелеріне араласпайтындықтан, Уәкілетті орган теологиялық тартысты мәселелерден туындауы мүмкін салдарларды ескеру үшін салалық маманның пікірін білуді назарға алады. Дінтану сараптамасын жүргізу барысында басқа мәселелермен қатар материал мазмұнында әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлтаралық, дiнаралық араздықты қоздыруға бағытталған, экстремизм мен терроризмге шақыратын үндеулердің бар-жоқтығы сарапқа салынатындықтан, діни бірлестік өкілінің пікірі қосымша мәлімет ретінде пайдаланылады.
Агенттікке мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан тікелей келіп түсетін сұраныстар бойынша Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері – Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-ақпараттық талдау орталығы және «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемелері дінтану сараптамасын жүргізеді. Аталған орталықтарда 13 дінтанушы маман және дінтану саласына қатысты зерттеулермен айналысатын 7 ғылым кандидаты жұмыс істейді.
Сараптама жұмыстарына сонымен қатар мемлекеттік сатып алулар негізінде білікті дінтанушылар мен заңгерлер, дін саласындағы басқа да тәжірибелі мамандар тартылуда. Бұл сараптама жұмыстарын мерзімінде орындауға және сапасын одан әрі арттыруға ықпал етеді. 2012 жылы мемлекеттік сатып алулар негізінде өткізілген байқау нәтижесінде «Ақпараттық ресурстар орталығы» қоғамдық қорының тәуелсіз сарапшылары дінтану сараптамасының белгілі бір бөлігінің жүргізілуін қамтамасыз еткен болса, үстіміздегі жылы бұл қызметті байқауда жеңіске жеткен «Дінтанушылар конгресі» қоғамдық ұйымының сарапшылары атқаруда.
2013 жылдың 1 шілдесінен басталған орталықсыздандыру үдерісі негізінде дінтану сараптамасын жүргізу қызметі аумақтық департаменттерден алынып, бірыңғай Агенттікке берілді.

Сарапшылардың біліктілігін арттыру мақсатында Агенттік тарапынан семинар-тренингтер, конференциялар, жұмыс бабындағы кездесулер және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Агенттік тарапынан «Дінтану сараптамасын жүргізу мәселелері жөніндегі әдістемелік құрал» дайындалып, жарық көрді (2013 ж.).

Әдебиеттерді сараптау барысында оның мазмұнында әлеуметтік, діни, нәсілдік, ұлттық кемсітушіліктердің, саяси, ұлттық немесе діни экстремизм белгілерінің кездесетін-кездеспейтіні, сондай-ақ әлеуметтік, діни, нәсілдік, ұлттық қатыстылығына қарай адамның құқығын, бостандықтары мен заңдық мүдделерін бұзуға шақыратын белгілердің бар-жоқтығы тексеріледі.

Агенттік құрылған мерзімнен бастап аумақтық департаменттерді қоса алғанда барлығы 6267 материал сараптамаға келіп түскен. Оның ішінде 4344 материалға сараптама жүргізіліп, сұраныс беруші тарапқа жолданды. 1923 материалға сараптама жүргізілуде.

Агенттікке діни бірлестіктерден 618 жарғы сараптамаға келіп түскен. Олардың 591-іне оң, 17-іне теріс қорытынды берілді.

Агенттік тарапынан жүргізілген дінтану сараптамасының нәтижесінде мазмұнында діни алауыздықты тудыруға себеп болатын фактілер кездесетін, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін идеялар орын алған 148 әдебиет анықталған. Аталған әдебиеттер қорытындыларымен бірге тыйым салу жөнінде тиісті процессуалдық шаралар жүргізу үшін құзыретті органдарға жолданды.

Агенттік жүргізген сараптама жұмыстарының нәтижесімен жалпы жұртшылықтың танысуына мүмкіндік беру үшін сарапталған нысандардың ішінде оң қорытынды алған 926 материалдың тізімі мен мұқабаларының сканерленген көшірмелері, діни бірлестіктер жарғыларының, қолжазба материалдардың, дыбыстық-бейне нысандардың тізімі, дінтану сараптамасына қатысты мақалалар Агенттік сайтына орналастырылған. Дінтану сараптамасының нәтижелері Агенттік сайтында тұрақты түрде жарияланып және жаңартылып отырады.

Агенттік әр жартыжылдық сайын дінтану сараптамаларының қорытындылары жайлы жинақталған мәліметтерді жариялайтын ақпараттық бюллетень шығарады. Бюллетеньде дінтану сараптамасына қатысты нормативтік құқықтық актілер, дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған материалдар тізімі және басқа да ақпараттық және әдістемелік мәліметтер жарияланады. Бюллетень мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметкерлеріне, дін саласындағы ғылыми қызметкерлерге, діни қатынастар саласындағы мамандарға арналған.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Сараптау комиссиясы жүргізетін діни сараптама мен Агенттік жүзеге асыратын дінтану сараптамасының ерекшеліктері мен қолданылу аясын түсінбеушіліктен көптеген мәселелер туындап жүргенін атап айтқан жөн. ҚМДБ Жарғысының 12.3. тармағында аталған бірлестіктің Сараптау комиссиясы мемлекеттік мекемелердің, діни және қоғамдық ұйымдардың өтініші бойынша республикадан тыс жерлерден әкелінген немесе республикамызда басылған діни әдебиеттерге сараптама жасап, оларға жазбаша қорытынды беретіні көрсетілген.

ҚМДБ өз құзіретіне кіретін мәселелер шегінде ішкі құрылымдық реттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Сараптау комиссиясын құруға және оның қызметін жолға қоюға, соның ішінде діни мазмұндағы әдебиеттерге қатысты өз пікірін білдіруге құқылы. Басқа да діни бірлестіктерде сәйкес құрылымдардың бар екенін ескерген жөн. Мысалы, Рим-католик шіркеуінде баспа ісіне қатысты «Богословская комиссия» қызмет атқарады, ал Орыс православ шіркеуінің өңірлік құрылымдарының басшылары діни баспа өнімдеріне қатысты сарапшы міндетін қоса атқарады.

Дегенмен ҚМДБ Сараптау комиссиясының діни мазмұндағы әдебиеттерге қатысты қорытындысы шешуші пікір бола алмайды және ҚМДБ Жарғысында да мұндай құзырет көрсетілмеген. Дінтану сараптамасын жүргізуге уәкілетті орган тек Агенттік болып табылатыны ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 6-бабының 1-тармағында бекітілген.

Республикадағы ең көп санды мүшелері бар, тарихи ролі танылған, дәстүрлі дін ілімін ұстанатын діни бірлестік ретінде ҚМДБ-ның діни мазмұндағы белгілі бір әдебиеттерге қатысты пікірі қажет жағдайда мемлекеттік мекемелер, діни және қоғамдық ұйымдар қызметінде қосымша мәлімет ретінде ескерілуі мүмкін, бірақ негізге алынбайды. Сонымен қатар ҚМДБ Сараптау комиссиясынан өткен кітаптарда көрсетілетін «ҚМДБ Сараптау комиссиясы мақұлдаған» деген мәлімдеме де аталған діни бірлестіктің көзқарасын білдіреді. Мұндай әдебиеттер Агенттікте дінтану сараптамасынан өтіп, оң қорытынды алғаннан кейін ғана ел аумағында пайдалануға және таратылуға ұсынылады.

Республикалық деңгейде жолға қойылып отырған дінтану сараптамасының заңнамалық және басқа да сипаттағы өзіндік мәселелері бар. Дінтану мамандығы салыстырмалы түрде алғанда жаңа мамандық болып табылатындықтан, дінтану сараптамасы саласындағы қызмет лицензияланатын қызмет түрлері қатарына енгізілмеген. Болашақта аталған қызмет түрін лицензиялау жөнінде жұмыстар жүргізу орынды болмақ. Мұның өзі оны орындаушыларға қойылатын талаптарды айқындай түсуге және дінтану сараптамасын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуді жетілдіруге ықпал етеді.

Екінші мәселе дінтану сараптамасына мемлекеттік сатып алулар негізінде бөлінген қаржының жеткіліксіздігіне байланысты. Дінтану сараптамасын жүргізу қағидасының күшіне енуі және діни бірлестіктерді тіркеу (қайта тіркеу) үдерісінің басталуы сараптамаға түсетін нысандар санының күрт ұлғаюына әсер етті. Бұл жағдай ағымдағы жылға ғана тән болғанымен, ел аумағында қолданыста жүрген діни әдебиеттердің негізгі бөлігін дінтану сараптамасынан өткізіп болғанға дейін кемінде таяу үш жылда сараптама нысанының көлемі азаймайды деп болжамдауға болады.

Сонымен қатар Кедендік одақ елдерінің біртұтас экономикалық аймақ құруы діни мазмұндағы әдебиеттердің белгілі бір бөлігінің алдағы уақытта да кедергісіз өтіп отыруына септігін тигізетіні анық. Мұндай әдебиеттер де ел аумағында таралу барысында дінтану сараптамасы нысандарының санын ұлғайтып отырады. Сондықтан дінтану сараптамасына бөлінетін қаржыны алдағы жылдарда бірнеше есе көбейту қажеттігі туындайды.

Қорыта айтқанда, қоғам сұранысына, заман талабына сай туындап, жүзеге асырылып отырған дінтану сараптамасының алдында тұрған міндеттер ауқымды, мәселелер күрделі болып табылады. Оларды шешу белгілі уақыт пен елеулі күш-жігерді талап ететіні сөзсіз. Дінтану сараптамасының қазіргі құқықтық және ресурстық қамтамасыз етілу деңгейі осы бағыттағы жұмыстарды дұрыс жолға қоюға мүмкіндік береді деген сенімдеміз.

А.Әбдірәсілқызы
Діни оқу орындарымен байланыс және
дінтану сараптамасы басқармасының бастығы

  • http://www.din.gov.kz/
  • http://www.akimvko.gov.kz/ru/
  • http://egov.kz/
  • http://e-islam.kz/
  • http://www.akimvko.gov.kz/ru/tipovyie-voprosyi.html
  • http://www.e-vko.gov.kz/
  • http://akorda.kz/